Елордада мобильді бригадалар бұрынғы жұмыс кестесіне оралды

Елордада мобильді бригадалар бұрынғы жұмыс кестесіне оралды

Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына және науқастардың азаюына байланысты мобильді бригадалардың жұмысы бұрынғы кестесіне қайта қаралды. Олар қаңтар айының ортасынан бастап амбулаториялық науқастарды тәулік бойы бақылап отырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мобильдік бригадалар бұрынғы жұмыс кестесіне – таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін ауысқанын хабарлады. Бүгінгі таңда 4 200-ден астам адам амбулаториялық ем алуда.

Сондай-ақ жедел жәрдем станциясына түсетін жүктеме азайды. Егер қаңтардың басында қоңыраулар саны тәулігіне 4 мыңға жетсе, қазір бұл көрсеткіш күніне 2 200-ге дейін азайды. КВИ мәселелері бойынша орта есеппен 80-100 адам қоңырау шалады.

«Науқастар санының төмендеуі, ауруханаға жатқызудың азаюы – қала тұрғындарын вакцинациялау және ревакцинациямен байланысты деп айтуға болады. Елордада жыл басында Омикрон штамы пайда болғаннан кейін вакцинация қарқыны біршама өсті. Азаматтар қалыптасқан жағдайды түсініп, вирустық инфекцияның ауырлығына мән бергені қуантады», - деп түсіндірді Тимур Мұратов.

Мәселен, бүгінгі таңда елордада 504 мыңға жуық азамат бірінші компонентпен егілсе, 471 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті. Сол сияқты 73 мыңнан астам тұрғын қайта вакцинацияланды. Осылайша, қалада вирустың тез таралуына жол бермейтін белгілі бір иммундық қабат пайда болды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Pfizer препаратының екі компонентін 19 мыңнан астам жасөспірім, 11 300 бала емізетін ана және 700-ден астам жүкті әйел алды. Сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдар, медицина қызметкерлері қазір америкалық препаратпен қайта вакцинацияланады. Қала бойынша 5 600-ден астам қарт кісі Pfizer-мен қайта вакцинацияланды, ал қайта екпе алған медицина қызметкерлері – 11 800.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жұрт назарын қазіргі жағдайға тағы да аударып, екпе алуға шақырамын. Вирустың таралу қарқыны тек өзімізге ғана байланысты. Дәрігер ретінде айтарым, бүгінге дейін ешбір ауру бір мезетте 300 адамды жансақтау бөліміне түсірген жоқ. Мұнда түскен науқастар тыныс алуға арналған көмекші аппараттарсыз дем ала алмайды. Осыған мән беру керек! Сондықтан өзіңізге абай болыңыз, вакцинация алыңыз және денсаулығыңызды қорғаңыз!» - деп қорытындылады спикер.