Елорданың ковидтік стационарларында реанимациялық төсектердің жүктемесі 50%-дан асады

Елорданың ковидтік стационарларында реанимациялық төсектердің жүктемесі 50%-дан асады

Елордада коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны қаңтар айының басындағы 5 мыңнан қазір 300-ге дейін төмендеді. Аурудың төмендеуі байқалады, бірақ қалада эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов онлайн брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде ковидтік стационарларда 531 науқас ем алуда, инфекциялық төсектердің жүктемесі 30,6%-ды құрайды.

«Өкінішке қарай, реанимациядағы төсек жүктемесі әлдеқайда жоғары – 50,3%. Яғни, статистика көрсетіп отырғандай, ауырлығы орташа дәрежедегі пациенттер азайғанмен, ауыр және өте ауыр науқастардың саны азаймай тұр. Бүгінгі таңда реанимацияда 75 адам бар, оның ішінде 19-ы ИВЛ аппаратына жалғанған», - деді Тимур Мұратов.
Ол мұны қазір реанимациядағы көптеген пациенттер өзін-өзі емдеумен айналысып, жекеменшік емханалардың дәрігерлеріне жүгінгенімен, сол сияқты вакцинациядан өтпегендігімен байланыстырды.

Қазір елордада коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған 9 стационар бар, ал ондағы төсек саны – 1 734, оның ішінде 149-ы – реанимациялық орын.

«Қуанышымызға орай, жүкті әйелдер мен балалар арасында коронавирус инфекциясы азайды. Бүгінгі таңда 55 жүкті әйел КВИ-дан емделіп жатыр, оның ішінде 23 әйел стационарда жатыр. КВИ жұқтырған 40 бала стационарлық жағдайда емделуде. Көрсеткіштер жақсарғанмен босаңсуға болмайды! Есте сақтау керек, бұл вирус толығымен жойылып кеткен жоқ. Жұрттың денсаулығы үшін әлі де күресуіміз керек», - деді басқарма басшысы.

Тимур Мұратов сондай-ақ азаматтарды өзінің және айналасындағылардың денсаулығын қорғау үшін вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырды.