Елордада жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам үй карантинін бұзды

Елордада жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам үй карантинін бұзды

Елордада үй карантинін бұзушылар саны артты. «Қызыл» және «сары» статусы бар азаматтар өзін-өзі оқшаулау режимін бұзуды жалғастыруда. Олардың бұл әрекеті өзгелердің денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

«Осы жылдың басынан бастап 10 ақпанға дейін «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарда үй карантинін бұзған 6476 адам анықталды, оның ішінде 6398 адамның «қызыл» статусы бар, 78 адамда – «сары» статус. Бұл статистика, өкінішке қарай, жауапкершіліктің төмен деңгейде екенін көрсетеді. Карантин мен оқшаулау режимін сақтау – әркімнің жауапкершілігі», - деп атап өтті Сархат Бейсенова.

Санитарлық дәрігер бизнес субъектілерінің карантиндік шараларды барынша жауапкершілікпен қабылдауы және сақтауы өте маңызды екенін атап өтті.

«Эпидемиологиялық жағдайдың артуы – әрқайсымыздың қауіпсіздік шараларын қалай сақтайтынымызға байланысты. Елордада омикрон штамынан басқа, дельта штамы бар екенін түсіну керек. Оның соңы өліммен жиі аяқталады. Оны бүгінгі статистика көрсетіп отыр. Қалалық ауруханалардың реанимациялық төсек-орындары жүктемесінің 50,3%-ы толды. Сондықтан әр адамның жауапкершілігі болмаса биліктің үндеуі мен шектеуі толық әсер етпейді. Әр адам өз денсаулығы мен өзгелердің денсаулығы үшін жауапты болуы керек», - деді санитарлық дәрігер онлайн брифингте.

Ол азаматтарды КВИ-ге қарсы вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге, маска режимін және басқа да саннормаларды сақтауға шақырды.