
МӘМС аясында медициналық сақтандыруы жоқ азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен көзделген медициналық көмекке жүгіне алады. Бұл қызметтер тізімі бюджет қаражаты есебінен төленеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының баспасөз қызметі сақтандырылмаған азаматтар қандай медициналық көмекке жүгіне алатынын айтты.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде көрсетілген медициналық қызмет ақысы бюджет қаражатынан төленеді және оларды:
- Қазақстан Республикасының азаматтары;
- қандастар;
- босқындар;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) шетелдіктер;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) азаматтығы жоқ адамдар ала алады.
Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, пана іздеген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары болған кезде ТМККК аясында медициналық көмек алуға құқылы.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:
- Жедел жәрдем қызметтері, оның ішінде белгілі бір жағдайларда медициналық авиация шақыртылады (яғни шұғыл көмек қажет болған жағдайда пациентке оның сақтандырылғанына немесе сақтандырылмағанына қарамастан көрсетілуі тиіс);
Медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметтері (МСАК, яғни бұл негізінен сіздің емханаңыздың учаскелік қызмет деңгейінде көрсетілетін негізгі қызметтер), оның ішінде:
- ең көп таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және қадағалау;
- халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық тексеру;
- иммундау (вакцинация);
- салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
- ұрпақ жаңғырту денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шаралар;
- жүкті және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді бақылау;
- инфекциялық ауру ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.
Бұдан басқа, МӘМС-те «сақтандырылған» статусы болмаған жағдайда АИТВ-инфекциясының және туберкулездің профилактикасы мен диагностикасы; жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жағдайлар кезінде көрсетілетін қызметтер, оның ішінде елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық адамдар үшін бригаданың көрсететін қызметтері; әлеуметтік мәні бар, сондай-ақ динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде диагностикалау және емдеу көзделген.
ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Айтпақшы, бұл коронавирусты науқастарды үйде емдеуді, сондай-ақ пациенттердің белгілі бір санаттарына арналған ауруханада емдеуді қамтиды.
Сондай-ақ көрсетілетін қызметтер тізбесінде – негізгі ауруды емдеу кезінде және туберкулезбен ауыратындар үшін медициналық оңалту; паллиативтік медициналық көмек; медициналық көрсетілімдер болған кезде қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету; патологоанатомиялық диагностика, қазақстандықтарды шетелге емделуге жіберу және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда емдеу жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту.
«Егер сізге шұғыл көмек қажет болып, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебеңіз жоқтығын алдыға тартып, медициналық көмек көрсетуден бас тартса, дәрігерге пациенттің өз құқықтары туралы мәлімдеп, олардың сақталуын талап ету қажет. Қордың елорда филиалына осы мазмұндас өтініш-шағымдар да жиі түседі. Сондықтан азаматтар өз құқықтарын білсе екен дейміз», – деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
МӘМС үшін жарна төлемеген жағдайда, пациенттер бармай-сұрамай тұрып, мен көмек ала алмаймын деп ойлап, тіпті емханаға жүгінбейтін де фактілер бар. Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған жағдайлар бойынша медициналық мекеме Сізге тегін көмек көрсетуден бас тартпауы тиіс.
Сонымен қатар Қор медициналық қызметтердің неғұрлым кең тізбесін (бейінді мамандардың консультациялары, диагностикалық зерттеулер, жоспарлы операциялар, оның ішінде қымбат тұратын операциялар және т.б.) пайдалану мүмкіндігі болу үшін МӘМС жүйесіне қатысушы болуды ұсынады.