
Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу аясында Нұр-Сұлтанның сайлау комиссиясы елорданың көшбасшы жастарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл күн 2005 жылы Будапеште (Венгрия) сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында кәсіби мереке ретінде белгіленді және оны Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады.
Биыл мереке 3 ақпанда атап өтіледі.
Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту дәстүрі Еуропа елдерінің сайлау ұйымдастырушылар қауымдастығы тарапынан бастау алған. Қазақстан Республикасы аталмыш қауымдастықтың мүшесі болып саналады.
Елорданың көшбасшы жастарымен кездесу елдің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыруға, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыруға және жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарды ұстануын қалыптастыруға бағытталған. Бұл сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен де тығыз байланысты іс-шара.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы сайлау комиссиясының мүшелері, жоғары және орта оқу орындарының, сондай-ақ елорданың мектептері мен гимназияларының Жастар ісі жөніндегі комитеттерінің белсенділері қатысты.