
Елордада осы жылдың 5-19 қаңтар аралығында болған төтенше жағдай кезінде iKOMEK109 қалалық орталығына 160 000-нан астам қоңырау түсті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің iKOMEK109 Бірыңғай байланыс орталығына 160 000-нан астам тұрғын қоңырау шалды. Қала тұрғындарын мазалаған мәселелердің басым бөлігі денсаулық сақтау, қоғамдық көлік жұмысы және төтенше жағдай режимі жағдайларына қатысты болды.
Сонымен қатар, iKOMEK қызметкерлері тәулік бойы бейнебақылау камераларына мониторинг жүргізу арқылы елордада қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, алдын алды.
ТЖ кезінде орталықтың маңызды міндеттерінің бірі қала тұрғындарымен және қонақтарымен үздіксіз қарым-қатынас жасау болды.
«Әрине, елде ТЖ жағдайын алынғанымен босаңсымаймыз, қайта одан әрі күшейтілген режимде жұмыс істейтін боламыз. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияның жаңа штаммы – «омикрон» үлкен сынақ болып отыр. Қазір карантинді күшейту, вакцинация, ревакцинация туралы көптеген қоңыраулар келіп түсуде», - деп атап өтті iKOMEK109 қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.