Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорда тұрғындарына үндеу жолдады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорда тұрғындарына үндеу жолдады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты елорда тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Құрметті елорда тұрғындары. Өкінішке орай, бірқатар аймақтарда тәртіпсіздіктердің радикалды жақтаушылары наразылық білдіруде. Олар қалалардың инфрақұрылымына, бизнес объектілеріне зиян келтіріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде.

Бұл күндері біз қаламызда деструктивті күштердің үндеуін байқаймыз. Құқық қорғау органдары барлық фактілердің жолын кесуде. Полиция департаменті мен басқа да күш құрылымдары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді", - деді әкім.

Ол елордада төтенше жағдай жарияланғанын түсіндірді, коменданттық сағат 23.00-ден 07.00-ге дейін енгізілді. Төтенше жағдай режимі 19 қаңтарға дейін жалғасады.

"Қалада құқықтық тәртіпті орнату және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел штаб жұмыс істейді. Халықты адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, деструктивті күштердің шақыруларына берілмеуге және заңсыз жиналыстарға шықпауға шақырамыз.

Қауіпсіздік мақсатында мектеп оқушыларының демалысы 17 қаңтарға дейін, колледждер мен университет студенттерінің демалысы 24 қаңтарға дейін ұзартылды. Банктер мен ХҚКО-ларды қоспағанда, қаладағы барлық объектілер штаттық режимде жұмыс істейді, оның ішінде қоғамдық көлік те бар.

Қосымша қауіптер туындаған жағдайда қосымша шаралар енгізіледі. Барлық ақпарат қаланың комендатурасы арқылы беріліп отырады. Сондай-ақ, біздің қалада қиындап келе жатқан эпидемиологиялық жағдай туралы ұмытпаңыз. Құрметті тұрғындар, біз бұл шаралардың барлығын сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қабылдап жатырмыз", - деді елорда әкімі.