Нұр-Сұлтанда Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші ашылды

Нұр-Сұлтанда Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші ашылды

Бүгін елордада көрнекті философ және ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында орнатылған монумент әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының жанында орналасқан, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты. 

Ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, елорда әкімдігінің шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қоғам және саяси қайраткерлер қатысты.

"Әл-Фараби —метафизика, гносеология, эстетика, этика, физика, астрология, психология және музыканың теориялық негізін қалаған ұлы ойшыл, энциклопедист ғалым. Оның еңбектері X ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Әл-Фараби —ортағасырлық ағарту кезеңіндегі Шығыс пен Батыстың интеллектуалды алыптарының бірі және еңбектері бүкіл әлемге тараған ойшыл. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында көрнекті ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға берді. Ал 2020 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілді",-деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ескерткіштің ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, Әл-Фарабидің саяси-әлеуметтік трактатында баяндалған бақытты, мейірімді адамдардың сипаттамасы Абайдың "толыққанды тұлға туралы" тұжырымдамасымен үндес.

"Ақыл мен білім - адамзаттың ең асыл қасиеті. Әл-Фараби өз еңбектерінде жазғандай: "білімсіз адамгершілік дамымайды, тек рухани сауаттылық ғылым мен тәрбиемен бірге маңызды". Ағарту, білім мен ғылымның дамуы көтеріліп, содан кейін құлдырайтын кезеңдер болды. Қазір біз жаңа ғасырдың басында жаңа сын-тегеуріндердің алдында тұрмыз. Тәуелсіз Қазақстанның жастары жаңа дүниетанымға, терең санаға, еркін рухқа ие болуы керек", - деді Мемлекеттік хатшы.

Монумент авторлары — Ә.Бүркітбаев, Д. Сарбасов, к. Бегулиев, А. Тоқбаев, Д. Үсенбаев. Гранит пен қоладан жасалған ескерткіштің биіктігі-9,5 метр.

Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай биыл елордада мәдениет пен жалпы еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ескерткіштер жинағы ашылды. Бұған дейін қалада алашордашыларға, сондай-ақ Талғат Бигелдиновке, Дина Нұрпейісоваға, Қаныш Сәтпаевқа, Жұмабек Тәшеневке, Жақсылық Үшкемпіровке, Ыбырай Алтынсаринге ескерткіштер орнатылған болатын. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда күн сайын адамдардың өмірін құтқаратын өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің құрметіне монументтер орнатылды. Бұл жұмыс жастардың рухани, патриоттық және мәдени құндылықтарын насихаттау мақсатында жүргізіледі.

Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты Әл-Фараби ескерткішінің ашылуы маска режимі, әлеуметтік қашықтық сияқты санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.

 

Фотолар: Александр Куприенко