
«Астаналық цирк» МКҚК бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерік Жолжақсынов цирк өнерінің дамуы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет саласына көңіл бөлгенінің нәтижесі екенін айрықша атап өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
«Тұңғыш Президентіміз Астаналық цирк ғимаратын 2005 жылы ашты. Содан бері танымалдығымыз артып, әлемге өзімізді мойындатып келеміз. Қазақ циркі әртістерінің өнері дамып, әлемге паш етіп жатқанымыз Тұңғыш Президентіміздің мәдениет саласына көңіл бөлгенінің нәтижесі. Елбасының қолдауымен бізде «Азия жаңғырығы» атты фестиваль ашылды. Әлемге танымал болдық. Бүкіл әлемнен астанамызға келіп, «Азия жаңғырығы» фестиваліне қатысты. Әрине өнер болғаннан кейін бір орында тұрмауымыз керек. Біз сабақтасып, қарым-қатынаста шығармашылық тұрғыда ұмтылуымыз керек», - деді «Астаналық цирк» МКҚК бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерік Жолжақсынов.
Ол сөзін жалғай отырып, қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтады.
«Халқымызды, әсіресе өнер саласында жүрген әріптестерімізді, Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін!» - деді Ерік Жолжақсынов.