
Елордада 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара Нұр-Сұлтан әкімдігінің, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елордалық департаменті өкілдерінің, аудан әкімдерінің, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтті. Дөңгелек үстелдің модераторы ретінде «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ төрағасының орынбасары, елордалық филиалының директоры Дәулеткерей Рахметуллин қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушыларды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов құттықтады.
«Бүгін Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті дамыту мақсатында азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп, іс-шаралар кешені ұйымдастырылуда. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі жобаларды іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихаттауға, яғни сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке және азаматтық жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге бағытталған», - деді Қизатов.
Әкім орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін жаңарту мақсатында жоспар мен бірқатар іс-шаралар жасалғанын атап өтті. Ол сондай-ақ азаматтық сектормен және мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде еліміздің қоғамдық-саяси қайраткері, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ төрағасы Оралбай Әбдікәрімов қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта оң өзгерістер болып жатқанын мәлімдеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ел дамуындағы басым міндеттердің бірі екенін айтты. Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа беті ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство бұрын болмаған қағидаттарды енгізеді, жаңа әдістерді қолданады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі тәсіл қолданылады деп айтуға болады. Елорда осы салада өзге өңірлер үшін үлгі болуы тиіс», - деді Әбдікәрімов.
Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосудың маңыздылығын атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлық болашақ ұрпаққа орны толмас зиян келтіреді, мемлекетімізді аяғынан шалып, сол арқылы қоғамдағы тұрақтылықты бұзады. Сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін бірлесе жұмыс жүргізуіміз керек. Елордалық мәслихат депутаттары ашықтық қағидаты бойынша жұмыс істейді. Біздің сессияларымыз тұрғындар үшін қолжетімді, өйткені тікелей трансляция жүргізіледі, барлық депутаттың телефон нөмірлері ашық әрі қолжетімді», - деді Каналимов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар осыдан кейін құндылықтар жүйесін нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік деңгейін арттыру туралы мәселелерді талқылауға көшті.