Нұр-Сұлтанда туберкулез тақырыбында кездесу өтті

Нұр-Сұлтанда туберкулез тақырыбында кездесу өтті

Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында орталық және өңірлік деңгейлерде азаматтардың туберкулез /АИТВ саласындағы хабардарлығын арттыру тақырыптары қозғалды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Белгілі болғандай, соңғы 10 жылда Нұр-Сұлтанда негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштердің айтарлықтай оң өзгерістеріне қол жеткізілді. Мәселен, туберкулезбен ауыру 4 еседен аса, одан болатын өлім-жітім 5 есе азайды.

«Қазіргі уақытта елімізде және қала бойынша туберкулезді бақылауда үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Эпидемиологиялық жағдайды жақсартуда байқалатын туберкулезге қарсы бағдарламаны іске асырудың маңызды нәтижелері туралы айтуға болады. 2020 жылы карантин кезеңінде алдын алу шараларының шектелуіне, халықтың МСАК ұйымдарына жүгінуінің азаюына байланысты «жоғары қауіпті» топтарда туберкулезді анықтаудың үш есе төмендегені байқалады, бұл 2020 жылдың қорытындысы бойынша сырқаттанушылықтың күрт төмендеуіне 23,6%-ға әсер етті», - деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Жиналыс барысында кездесуге қатысушылар ауруды бақылау бойынша түйткілді мәселелерге де тоқталды. Олардың пікірінше, туберкулезді амбулаториялық деңгейде анықтау жұмыстарын күшейту керек, «жоғары қауіп» тобын емдеуге немқұрайлы қарамау керек.

«Туберкулезбен күрес жөніндегі іс-шараларды өткізу бойынша әріптес ретінде ҮЕҰ-ны тартуда біз ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимылды күшейтудің негізін көріп отырмыз. Аталған мақсатты топтың сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды», - деп толықтырды спикер.

Осы кездесу орталық және өңірлік деңгейлерде туберкулез/АИТВ/COVID саласындағы ҮЕҰ қызметінің тұрақтылығын арттыру бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бөлу бойынша шешім қабылдайтын тұлғалардың қатысуымен өтті.

Сондай-ақ, кездесуге еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің, үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары және т.б. қатысты.
Іс-шара санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.