
Елорданың мониторингтік топтары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастыруда. Екі күннің ішінде олар жұмыс тәртібі мен қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысын сақтамаған бірнеше мекемені анықтады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты
Мониторингтік топтар 31 қазан күні Сарыарқа ауданындағы «Арман қала» мейрамханасында белгіленген жұмыс режимі бұзылғанын анықтады. Тексеру кезінде мекемеде бір уақытта 50 адам болған.
Сондай-ақ, түнгі сағат 2 шамасында келушілерді қабылдаған «Қарақат» кафесін анықтады. Ал тәртіп бойынша сағат 20.00-ден кейін жұмысқа істеуге тыйым салынған.
Күндіз сағат 17:00-де мобильді топ Есіл ауданында орналасқан «Аура» түнгі клубында карантин режимі бұзылғанын анықтады. Онда шамамен 80-90 адам сауық құрған. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мұндай жағдайға тыйым салынған.
Сонымен қатар, «Текила» бары режимді бұза отырып, түнгі уақытта жұмыс істеді. Мұнда саннормалар, әлеуметтік қашықтық сақталмаған, ал нысан ішінде 60-қа жуық адам болды.
Сондай-ақ, бұзушылар тізіміне «Панаехали» барының екі филиалы, «Кабера» ресто-бары, «Mirwari» мейрамханасы кірді.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті әкімшілік шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.
Айта кету керек, COVID-19 инфекциясын жұқтырушылар саны азайғанына қарамастан Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша «сары» аймақта қалып отыр. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын қатаң сақтауы тиіс. Азаматтар өздерінің де, айналасындағылардың да денсаулығын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі керек. Себебі вакцинамен иммундау қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып саналады.