
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Динамо» аула клубында 100-ден аса бала тәрбиеленіп жүр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Аула клубына шахмат түрін енгізуді жоспарлап отырмыз. Ары қарай баскетбол мен шағын футбол спорт түрлерін де енгізу ойда бар. Бізде қазір 100-ден астам бала жаттығып жүр. Жаттықтырушыларымыз өте беделді, есімі елге танымал. Мысалға қазақ күресінің бапкері Ғани Сергебаев «Қазақстан барысы» жарысында 3-орын алған. Ол самбодан, қазақ күресінен халықаралық спорт шебері. Қазір жастар арасында қазақ күресіне деген ұмтылыс байқалады. Ата-аналар да баласының спортпен айналысқанын қалайды», - дейді «Динамо» дене шынықтыру, спорт қоғамы төрағасының орынбасары Болат Әбілдинов.
«Аула клубтары» әлеуметтік жобасы елордада 2015 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Спорттық және шығармашылық секциялардың бәрі тегін жұмыс істейді. Тәрбиеленушілердің жас санаты - 7-29 жас аралығында.
Аула клубтарының қызметі халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларының бос уақытын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таңда оларда үш мыңға жуық бала тәрбиеленуде.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дене шынықтыруды дамытуға ерекше назар аударып, бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін барлық жағдайды жасауды тапсырған болатын.
Жолдауды жүзеге асыру мақсатында елордада бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазір қаланың 4 ауданында 30-дан астам аула клубы жұмыс істейді.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда «Қолжетімді спорт» атты жаңа жоба бастау алды. Жоба қала тұрғындарын спорттың 11 түріне үйретеді, онда 8 жерде 84 нұсқаушы сабақ өткізеді.