
Экологиялық айлық аясында елордада көппәтерлі тұрғын үй кешені тұрғындарының қатысуымен «Таза ойындар» өткізілді. Эко-жарысты ӨКМ операторы «BI Service» басқарушы компаниясымен және «Clean City NC» ЖШС-мен бірлесіп, қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Эко-ойындарға Ұлы Дала көшесінде орналасқан Nova City тұрғын үй кешенінің алты үйінің тұрғындары қатысты.
Командаларға бөлініп, қала тұрғындары алдын ала белгіленген ұзындығы 1 шақырымға жуық аумақты қоқыстан тазартты. 70-тен астам тұрғын қатысты, олардың арасында жас эко-белсенділер де бар.
Эко-жарыстың басты шарттарының бірі – жиналған қалдықтарды түрлері бойынша бөлу. Ересектер мен балалардың ортақ күш-жігерінің арқасында 60 қап жиналды. Сұрыпталған пластик, шыны, макулатура және алюминий банкілер қайта өңдеуге жіберілді – барлығы 300 килограмм қайталама шикізат.
Ұйымдастырушылар эко-жарыстардың көшбасшы командаларына ақшалай сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, ең жас эко-белсенділер сыйлық сертификаттарына ие болды.
Ұйымдастырушылар іс-шаралар басқа тұрғын үй кешенінің тұрғындарының және жалпы білім беретін мектептердің қатысуымен жалғасатынын атап өтті.