Нұр-Сұлтанда екі күнде бес мекеме карантин тәртібін бұзды

Нұр-Сұлтанда екі күнде бес мекеме карантин тәртібін бұзды

Елорданың мониторингтік топтары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Күн сайын олар жүздеген кәсіпкерлік нысанда карантин режимінің сақталуын тексереді. Тұрақты тексерулер нәтижесінде шектеу шараларын бұзушылар да азайып келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Осылайша, екі күнде, яғни 14 және 15 қыркүйекте мониторингтік топтар қаладағы бес мекемеде карантин талаптары бұзылғанын анықтады.

Алматы ауданындағы Манас көшесінде орналасқан «Лото клубында» белгіленген жұмыс тәртібі ескерілген жоқ.

Сондай-ақ, Байқоңыр ауданындағы «Шымкент Life» және «Шашлыкоff» барларында карантин режимі сақталған жоқ. Сарыарқа ауданының тәртіп бұзушылар тізіміне «Time to Smoke» кальян-бары мен «Берлин» кафесі енді.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті әкімшілік шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға тапсырылды.

Айта кету керек, COVID-19 инфекциясының азайғанына қарамастан Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық ахуалды бағалау бойынша «қызыл» аймақтан шыққан жоқ. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтары бетперде тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын қатаң сақтауы тиіс. Азаматтар өздерінің де, айналасындағылардың да денсаулығын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі керек, өйткені иммундау қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып саналады.