
Нұр-Сұлтан қаласында №77 мектеп-гимназиясының ұстаздары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттарын атап өткені белгілі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын №77 мектеп-гимназиясы ұжым болып тікелей эфирде тыңдадық. Президент отандық ғылым саласына көңіл бөлінуі керек екенін қозғап өтті. Осы реформалар жүзеге асырылса білім сапасының артуына үлкен серпін берер еді. Сол сияқты ұстаздар қауымының жалақысы көбею үшін алдағы үш жылда 1,2 трлн теңге бөлінетінін айтты. Бұл бізді қуантып, жігерлендірді», – деді №77 мектеп-гимназиясының мұғалімі Нұрлан Искаков.
Ол сөзін жалғай отырып, халықаралық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған оқушыларға стипендия, оларды дайындаған ұстаздарға сыйақы берілсе деген тілегін жеткізді. Айтуынша бұл оқушылардың да, ұстаздардың да қызығушылығының артуына сеп болады.
Жиынға қатысқан мұғалімдер Мемлекет басшысының Жолдауында білім-ғылым жайлы айтылған тұстарын талқылады. Мұндай басқосу елорданың барлық мектебінде ұйымдастырылып жатыр.
Айта кетейік, іс-шара санитарлық нормаларды толықтай сақтай отырып өтті.