Елордалық ардагерлер Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын қолдады

Елордалық ардагерлер Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын қолдады

Қалалық және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, Президенттің ел алдына қойған негізгі міндеттерін атап өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Талқылау Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті. Ардагерлер мен зейнеткерлер еліміздің стратегиялық жоспары туралы пікір алмасты, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау бойынша кейбір ұсыныстарын жеткізді. Жиынды орталық директоры Мұхтар Еркетаев жүргізді. Ол Президент өз Жолдауында пандемия кезінде өңірлік саясат, медицина, экономика, саяси жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігі мәселелеріне көп көңіл бөлгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының ең төменгі жалақыны көтеру туралы бастамасы бізді ерекше қуантты, ол түрлі салаларға әсер етеді және көптеген қазақстандықтың табысының өсуіне айтарлықтай әсер етеді, демек, ұлттың әл-ауқатының деңгейі артады. Біз Президенттің азық-түлік бағасын ұстап тұруға, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа ауыстыруға, жаңа мектептер салуға және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі басқа да нақты міндеттерін Үкімет басшылыққа алуы тиіс деп санаймыз», - деді Мұхтар Еркетаев.

Жиынға қатысушылар Президент Жолдауы – мемлекеттік аппаратты, қоғамдық процестерді, ішкі және сыртқы саясатты жан-жақты дамыту жөніндегі міндеттерді көрсететін уақтылы және көпвекторлы бағдарламалық құжат деген пікір білдірді. Түптеп келгенде олардың бәрі қазақстандықтардың жақсы және жайлы өмір сүруіне бағытталған. Сонымен қатар, олардың табысты және тиімді іске асырылуы әрбір қазақстандыққа байланысты.

Ардагерлер сондай-ақ, Жолдаудың негізгі қағидаларын халық арасында түсіндіру жұмысын жалғастыратынын атап өтті.

Айта кету керек, іс-шара барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.