
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен елорданың Достық үйінде қазақ тілінде жалпықазақстандық ашық диктант өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Диктантқа қатысушыларға ҚХА хатшылығы этносаралық қатынастар бөлімінің басшысы Гүлнар Тайгокова сәттілік тіледі. Ол қазақ тілінде диктант жазу мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетінін атап өтті.
«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жалпықазақстандық диктант өтті. Қарақалпақ, татар-башқұрт, украин, поляк, дүнген, өзбек мәдени орталықтары, мектеп оқушылары, жексенбілік мектеп мұғалімдері, мемлекеттік қызметкерлер белсенді араласты. Сауаттылық деңгейінің өскенін атап өткім келеді, жұмыстың бәрі "жақсы" және "өте жақсы" деп бағаланды. Диктант қатысушыларының арасында жастар да, аға буын өкілдері де болды», – деп хабарлады ҚХА.
Іс-шара жыл сайын бүкіл Қазақстан бойынша синхронды түрде өткізіледі. Еліміздің барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларында, жоғары оқу орындарында, колледждері мен мектептерінде өз дағдыларын нығайтуға, мемлекеттік тілді қаншалықты жақсы меңгергенін білуге ниет білдірген қазақстандық қатысты.
Диктантты елордалық мектептер мен білім басқармасының кәсіби мұғалімдері оқыды. Оның қорытындысы "Ұлы даланың ұлттық тілі" республикалық форумында жарияланады.
Мемлекет басшысы Жолдауында өзінің болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат мемлекеттік тілді үйренуге бар күш-жігерін салуы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жобаларды ұйымдастырады.