
Нұр-Сұлтандағы «Абу-Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталығында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының қызметкерлері вакцина алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жастары көпке үлгі болу мақсатында «Спутник-V» вакцинасының бірінші компонентін алды.
«Бүгін біз ұжым болып өз еркімізбен вакцина алуға келдік. Вакцинаның Спутник-V түрін таңдадық. Ешкімде жанама әсер болған жоқ. Барлық вакцина алған қызметкерлер өздерін жақсы сезінуде. Біздің жасақта 1 200-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Алдағы уақытта толықтай вакцинадан өтеміз деген мақсатымыз бар», — деді Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы қоғамдық қорының жетекшісі Марат Мұхамеджанұлы.
«Жасыл ел» бағдарламасы Елбасының тапсырмасы бойынша 2005 жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінге дейін бас қаланың «Жасыл ел» штабы 14-29 жас аралығындағы жастарды жазғы маусымда жұмыспен қамти отырып, қаланы көгалдандыруға және жастарды әлеуметтендіруге айтарлықтай үлес қосып келеді.
«Мен «Жасыл ел» ұйымында жұмыс істеймін. Жасым 18-де. Бүгін өз еркіммен вакцина алуға келдім. Өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Вакцина өзіңді және өзгелерді қорғаудың жақсы жолы деп санаймын. Біз жарқын елдің болашақ жастары батылдық танытып, өзгелерге үлгі көрсете білсек келешектің кемелі зор болады деп ойлаймын. Әрине, ол денсаулықты сақтаудан басталады. «Дені саудың — жаны сау» демекші, біздің егеменді елдің ертеңіне айналар жастардың рухы мықты, жаны таза, дені сау болса, еліміз бізге сенім білдірері сөзсіз» — деді Сымбат Жамалбай.
Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 335 мыңнан астам адам алды, ал 238 мыңға жуық азамат толық иммундаудан өтті.