Вакцина арқылы ауырмайтын жолды таңда: Елордалық дәрігер тұрғындарды екпе алуға шақырды

Вакцина арқылы ауырмайтын жолды таңда: Елордалық дәрігер тұрғындарды екпе алуға шақырды

Әлемді дүрліктірген коронавирус індетін тоқтатудың жалғыз жолы – жаппай вакцина алу. №15 емхананың дәрігері Жұлдыз Төлебаева екпенің маңыздылығы туралы жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәрігер сөз басында вакцинаға қарсы аллергиясы бар адам не істеуі керектігін түсіндірі өтті.

«Коронавирусқа қарсы вакцинаның кері әсері туралы жалған, ғылыми негізі жоқ сөздерге сеніп, иммундаудан қашып жүргендер бар. Бірақ шынтуайтына келгенде дене қызуының көтерілуі, шаршаңқылық әсер болуы мүмкін. Бірақ одан аспайды. Екпе алардан бұрын дәрігер вакцинаға аллергиясы бар-жоғын анықтап сұрап алады. Ал аллергиясы бар болған жағдайда аллерголог маманға жіберіледі. Аллерголог өз кезегінде вакцина алуға болатыны немесе болмайтыны туралы шешім қабылдайды. Сол сияқты вакцина алғаннан кейін кез келген адам жарты сағат көлемінде дәрігердің қарауында отырады. Осы аралықта аллергиясы болса білініп жатса тиісті көмек көрсетіледі», - дейді ақхалатты абзал жан.

Сөзін жалғай отырып, вакцинаның адам ағзасына енгеннен кейінгі процесін түсіндіріп өтті.

«Екпенің құрамына сол ауруды тудыратын белсенді емес микроорганизмдер енгізіледі. Осының нәтижесінде иммунды жүйе ағзаға бұрын-соңды болмаған қауіпті сезіп, антидене бөледі. Міне осылайша ағза өздігімен қауіпті вируспен күресе алатын болады. Екпе өзі ауру қоздырғыш болып саналмайды. Жоғарыда айтқанымдай реакциялары болуы мүмкін. Бірақ бұл уақытша ғана. Ең маңыздысы адам екпенің арқасында коронавирусқа қарсы иммунитет алады. Ауырып ем іздегеннен, вакцина арқылы ауырмайтын жолды таңдау керек дегім келеді», - дейді дәрігер Жұлдыз Төлебаева.

Вакцина ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға әсер етеді. Елорда тұрғындарына вакцинаның бірнеше түрі таңдауға беріледі. Дәрігердің айтуынша бәрінің әсер ету жолы, денсаулыққа пайдасы бірдей, айырмашылығы жоқ.
Вакцина алғаннан кейін COVID-19 вирусын жұқтырып, қайтыс болғандар болуы мүмкін бе? Дәрігер сөз арасында кез келген вакцина вирустан 100% қорғамайтынын еске салып өтті.
«Елордада вакцина алғандар арасында коронавирустан қайтыс болған ешкім жоқ. Екпе вирустан 100% қорғамайды, қайта ағзаны күресуге дайындайды. Вакцина алған адам инфекция жұқтырған жағдайда вакцина алмаған адамға қарағанда жеңіл өткереді, тезірек жазылып шығады. Ал қайтыс болған жандардың көбісінде қосымша созылмалы аурулары болып жатады. Міне бұл кісілерге вакцина көмектеспеуі мүмкін», - деді дәрігер.