
Елорданың мониторингтік топтары кәсіпкерлік субъектілері арасында карантин бұзушыларды анықтауды жалғастыруда. Мәселен, 27 шілдеде шектеу шараларын сақтамаған 15 мекеме анықталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Тәулігіне 200-ден астам рейдтік іс-шара өткізіліп, елорданың 240 кәсіпкерлік нысаны тексерілді. Анықталған бұзушылықтардың арасында маска режимін, әлеуметтік қашықтықты, жұмыс режимін сақтамау, адамдардың жаппай жиналуы жиі кездеседі.
Есіл ауданында "Opus One" кафесі, "Lavash Food" фаст-фуд нысаны және "Aura Club Alanya" түнгі клубы карантин талаптарын сақтамаған.
Сарыарқа ауданының мониторингтік тобы "Буржуй" және "Chili Grill" барларында карантин бұзушылықтарын тіркеді.
Белгіленген шектеулерді сақтамағаны үшін Байқоңыр ауданында орналасқан 7 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар: "Zara" түнгі клубы, "Barrus" лаундж-бары, "Шашлыков", "Gastro Bar" барлары, "Respawn" компьютерлік клубы, "Амир" базары, "Шашлычок" кафесі.
Бұл тізімге сондай-ақ Манас көшесіндегі лото клубы, Алматы ауданында орналасқан "Панаехали" бары және Балқантау көшесіндегі коттедж кірді.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, елордадағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалуда. Күн сайын КВИ ауруының 1300-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын қатаң сақтауы тиіс.