Нұр-Сұлтанда 24 шілде күні вакцинацияланғандар арасында екі iPhone 12 және басқа да бағалы сыйлықтардың кезекті ұтыс ойыны өтеді

Нұр-Сұлтанда 24 шілде күні вакцинацияланғандар арасында екі iPhone 12 және басқа да бағалы сыйлықтардың кезекті ұтыс ойыны өтеді

Нұр-Сұлтанда вакцинацияланғандар арасында бағалы сыйлықтар ойнатылады. Кезекті екі iPhone 12 және басқа да құнды сыйлықтардың үшінші ұтыс ойынына 17 шілде мен 23 шілде аралығында вакцинацияланғандар қатысады. Ұтыс ойынына қатысу автоматты түрде жүргізіледі. Оған арнайы құжат толтырып, тіркелудің қажеті жоқ.

Ұтыс тікелей эфирде 24 шілде (сенбі) күні сағат 17:00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (Facebook, YouTube) парақшаларында өтеді. Елорда әкімдігі iPhone 12 және басқа да бағалы сыйлықтардың ұтыс ойынын апта сайын, жаздың соңына дейін өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, төрт iPhone 12 және басқа да бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны 9 және 17 шілдеде өтті. Ол кезде автоматты ұтыс ойынына вакцинация басталған сәттен бастап 16 шілдеге дейін екпе алғандар қатысты. Жүлделердің ұтыс ойыны демеушілер есебінен өткізіледі.

Birge платформасында ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер сервисі орнатылған. Ол вакцинацияланғандар арасында ID нөмірі арқылы жүлде иелерін таңдайды. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты. Айта кету керек, вакцинацияланғандар сервисі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірілген.

Айта кетейік, елордада азаматтарды вакцинациялауға ынталандыру үшін бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны өтуде. Олардың арасында екі бөлмелі пәтер де бар. Осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған әрі 18 жастан асқан қала тұрғындары елордада екі бөлмелі пәтер ұтып ала алады. Бұл ұтыс ойынына вакцинацияның барлық пункті қатысады: медициналық мекемелер, СОО/СҮ. 

Айта кету керек, ұтыс ойындары демеушілердің көмегімен өткізіледі.

Сондай-ақ «MEGA Silk Way» СОО-дағы вакцинация пунктінде екпенің бірінші компонентін алғандар арасында автомобиль ұтысы өтеді.

Елордада өткізілетін ұтыс ойындары азаматтарды екпе алуға ынталандыру, осылайша өз денсаулығын, жақындары мен айналасындағы жандардың денсаулығын сақтау үшін ұйымдастырылады. Себебі, басты мақсат — ұжымдық иммунитетті дамыту және карантинге дейінгі режимге оралу. Ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-дан асуы керек.