
Кез келген өртті болдырмаудың негізі — алдын алу шарасы. Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев онлайн-брифингте қалада өрттің алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын қозғап, өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері елордалық ТЖД үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде.
"Табиғатты өрттен қорғаймыз" атты республикалық акция аясында Нұр-Сұлтан қаласы ПД жол-патрульдік қызметі мен еріктілер бірлесіп, республикалық маңызы бар автожолдарда демалысқа шығатын азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы кеңес беру бойынша үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырды. Осындай жұмыстар елордалық мәдениет және демалыс саябақтарында да жүргізілді», — деді ТЖД басшысы.
Оның айтуынша, елорда аумағын күн сайын аралап шығу кезінде құрғақ шөп пен қамыстың уақытылы орылмауы өрттің болуына ықпал ететінін байқаған.
Өрттің алдын алу мақсатында әрбір азамат:
- учаскенің айналасындағы былтырғы құрғақ шөпті өртеуге болмайды;
- ашық отты пайдаланғанда сақ болу керек;
- табиғат аясында серуендеу кезінде жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын лақтыруға, аң аулағанда тез жанғыш материалдардан жасалған тығындарды пайдалануға, от жағуға және құрылыс жүріп жатқан жерлердің жанында қоқыс жағуға болмайды;
- шыны ыдыс пен сынған әйнекті қалдырмаңыз.
«Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау, өрттің алдын алады және өміріңіз бен мүлкіңізді сақтайды!» — деп түйіндеді Қуанар Базарбаев.