Өзін-өзі емдеу КВИ ауруының ауыр түріне жеткізеді – Мұратов

Өзін-өзі емдеу КВИ ауруының ауыр түріне жеткізеді – Мұратов

Елордада ковидтік стационарлардың реанимациясында қазір 230 пациент ем алып жатыр, оның ішінде аса ауыр дәрежеде – 70 адам, ӨЖЖ-де 47 пациент бар. Бұл туралы онлайн-брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Тимур Мұратовтың айтуынша, елорданың көптеген тұрғыны дәрігерге қаралудың орнына өзін-өзі емдеймін деп қателік жасайды.

«Өзін-өзі емдеймін деп стационарларға түсетін науқастардың қатары көбейіп жатыр. Медициналық көмекке уақытылы жүгінбеу, антикоагулянттар пайдаланып емделудің салдары ауыр күйде реанимацияға жеткізіп жатыр», - деп атап өтті Тимур Мұратов.

Қазір жедел медициналық жәрдем бригадалары, сондай-ақ БМСК ұйымдары жанындағы мобильді бригадаларға үлкен жүк түсіп отыр.

Мәселен, өткен тәулікте елорданың жедел жәрдем қызметіне 4 мың өтініш түсті, қоңырау саны – 2 300, КВИ бойынша қоңырау – 310.

«Мобильді бригадалар күніне 2 мыңға жуық үйге шығады. БМСК ұйымдарында 10 600-ден астам пациент емделіп жатыр. Айта кету керек, ауыр күйдегі науқастардың бәрінде қосымша 1-2 ауруы бар», - деді спикер.

Ол сондай-ақ 30 және одан жоғары жастағы адамдар жиі түсе бастағанын айтты.

Тимур Мұратов халықты жаппай вакцинациялау ғана коронавирус ауруының өсуін тоқтататынын еске салды. Бұл үшін қалада барлық жағдай жасалған – БМСК мекемелерінде, қаланың ірі СОО-ларында демалыс және мереке күндері жұмыс істейтін 100-ден астам егу пункті бар.