
Елорда тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілері шектеу және карантин шараларына қарамастан жұмыс режимін сақтау жөніндегі қарапайым талаптарды елемей отыр. Мекемелерде келушілер саны рұқсат етілген межеден асып, бұқаралық іс-шаралар өткізілуде. Мұның барлығы қалада коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне ықпал етеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиева әкімдікте өткен онлайн-брифингте хабарлағандай, вирус жұқтыру жағдайларының 53%-ы адам көп жиналатын орындарға – СОО, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану нысандарына және ойын-сауық мекемелеріне бару (маска режимін, әлеуметтік қашықтық пен санитарлық нормаларды сақтамау салдарынан), 34% - үй жағдайында ауырған адаммен жақын байланыста болу, 17% - жұмыс орнында санитарлық нормаларды сақтамау салдарынан болып отыр.
Науқастардың 0,8%-ы үйлену тойларына, жерлеу рәсімдеріне және т.б. жаппай іс-шараларға қатысқанын жасырып отырған жоқ.
«Егер сізде ПТР-тесті оң нәтиже көрсетсе немесе науқаспен тығыз байланыста болсаңыз, онда сіз үй карантинінде болуыңыз керек, өйткені басқаларға қауіп төндіресіз, тұрғындардан өзінің және өзгенің денсалуғына немқұрайлы қарамауды сұраймыз. Тұрғындар арасында вакцина алғысы келетіндер қатарының артып келе жатқанына қарамастан, әлі ұжымдық иммунитетке қол жеткізілген жоқ. COVID-19 вирусынан қорғанудың жалғыз жолы - алдын алу шараларын қатаң сақтау және вакцинация», - деді Жанна Пірәлиева.