Елорда автопарктерінде ауқымды дезинфекция жүргізілуде

Елорда автопарктерінде ауқымды дезинфекция жүргізілуде

Елордада қоғам көлік жүргізушілері күн сайын өз ауысымынан кейін автобусына дезинфекция жасайды. Тұтқалар мен орындықтар, есіктер, валидаторлар және жолаушылар ұстайтын жерлер сүртіледі. Вирустың таралуының алдын алу үшін автобус салоны желдетіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес елордада сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды. Автобустар мен автопарктерде арнайы залалсыздандыратын ерітіндімен ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.

«Автопаркіміздің қала бойынша төрт орны бар. Қарамағымыздағы 778 автобус жұртшылыққа қызмет етеді. Дәл қазір біз тұрған негізгі кеңседе автобус жуатын екі орын бар. Мұнда күніне 300-ге жуық қоғамдық көлік жуылады. Жуылғаннан кейін міндетті түрлі дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Яғни әр автобус күніне бір рет жуылып, бір рет өңделеді. Осыған дейін автобустар жексенбі күндері ғана тоқтатылып, дезинфекцияланатын. Енді осы аптадан бастап елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес өңдеу жұмысы сенбі, жексенбі күндері жүргізілетін болады», - дейді «№1 автопарк» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Тілеуберген.

Басқарма төрағасы сөзін жалғай отырып, дезинфекция жұмысын автопарктің арнайы оқудан өткен мамандары жүргізетінін мәлім етті.

«Дезинфекция жұмысын автопарктің, яғни өзіміздің сертификатталған мамандарымыз жүргізеді. Оларды арнайы оқытып, сынақтан өткіздік. Ал өңдеу жұмысына адам денсаулығына зияны жоқ, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, ауруханаларда қолданылатын ерітінді пайдаланылады. Дезинфекция қоры жеткілікті», - дейді №1 автопарк басшысы.

Автопарктің ережесі бойынша қоғамдық көліктер жуылып болған соң ғана дезинфекциялық өңдеу жасалады. №1 автобус паркінде арнайы оқудан өткен 10 дезинфектор жұмыс істейді. 

«Бұл автопаркте жұмыс істегеніме 13 жылдан асып кетті. Бастапқыда кондуктор қызметін атқарғанмын. Цифрлық заманның ағымына қарай кондуктор қызметі тоқтағаннан кейін дезинфекторлыққа ауыстым. Жаңа мамандық болғаннан кейін тиісінше оқудан өттік. Қолымызда арнайы сертификатымыз бар. Жұмысым негізінен 19:00-де басталып, соңғы автобусты дезинфекция жасағанға дейін жалғасады», - дейді №1 автопарктің дезинфекторы Райхангүл Әбдікерова.

Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастар саны өсіп келеді. Мәселен, өткен тәулікте елордада 1,5 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. 

Тұрғындарды коронавирустан сақтау үшін автобус салондарында антисептиктер орнатылған. Көлік жүргізушілері мен қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарын тағып жүреді.

Еске сала кетейік, елордадағы қоғамдық көлікте жолаушылар міндетті түрде бетперде тағуы керек.

Айта кету керек, пандемиямен күресудің жалғыз тиімді әдісі – бұл екпе арқылы пайда болатын ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Тек иммундау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды қауіпті вирустан қорғауға болады.