Елордалық барда карантин талаптарына қарамастан келушілерге бірнеше рет кальян қызметі ұсынылған

Елордалық барда карантин талаптарына қарамастан келушілерге бірнеше рет кальян қызметі ұсынылған

Өткен тәулікте, яғни 8 шілде күні елорданың мониторингтік топтары кәсіпкерлік нысандары арасында 6 карантин бұзушыны анықтады. Қаланың кейбір мекемелері шектеу шараларын елемей, бетперде тағу, белгіленген жұмыс режимі секілді талаптарды жүйелі түрде бұзып келеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Есіл ауданында орналасқан «Мята» лаундж-барында келушілерге кальян шегу бойынша қызметтер ұсынылды. Бұл мекеме мұндай бұзушылықтарды бірінші рет жасап отырған жоқ. Сонымен қатар, мекемеде жұмыс режимі мен әлеуметтік қашықтық сақталмаған, тексеру кезінде барда шамамен 25 адам болды.

Белгіленген уақыттан кейін «Тағам» асханасы да жұмыс істеді, сонымен қатар қызметкерлер маска режимін сақтамаған. Карантин бұзғандар «Aura Club Alanya» түнгі клубында да анықталды.

Жұмыс режимін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке Байқоңыр ауданындағы «Панаехали» бары, «XALVA» мейрамханасы және Сарыарқа ауданындағы «Гол Кипер» рестобары тартылды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, қаладағы эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. КВИ инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді. Қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормалар мен шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.