
Ұжымдық иммунитетті дамыту – коронавирус инфекциясын тоқтатып, пандемияны жеңудің басты жолы. Ал елордадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты вакцинациялауды жаппай жүргізу өте маңызды. Нұр-Сұлтан қаласында «Digital System Servis» ЖШС өз қызметкерлерін толық иммундаудан өткізген алғашқы компаниялардың бірі. Компания менеджері Майда Қожаниязова әріптестеріне вакцинациялау қалай жүргізілгенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Digital System Servis» компаниясы телекоммуникациялық жабдықтарды өндірумен айналысады: роутерлер, басқарылмайтын коммутаторлар, автоматты телефон станциялары (АТС) т.б. Енді отандық теледидарлар және өзге де үй және кеңсе техникаларын шығаруды жоспарлап отыр. Компанияның өнімдері бәріне арналған. Бүгінгі заманда интернет кез келген адамның күнделікті қажеттілігіне айналды. Ал сапалы жабдық мінсіз жұмыстың кепілі. Аталмыш компания ішкі нарықты ғана экспортқа шығуды да жоспарлап отыр.
Мінсіз жұмыс істеу үшін қызметкерлердің денсаулығы бірінші орында болуы тиіс. «Digital System Servis» осыны негізге алып, қарамағындағы қызметкерлерін толығымен иммундау процесінен өткізді.
«Компаниямызда 89 адам қызмет етеді. Олардың бәрі толығымен вакцинацияланып, екі компонентін де алды деп айтуға болады. Тек екі қызметкеріміз дәрігердің рұқсаты болған соң денсаулығына байланысты иммундаудан өткен жоқ. Жасыратыны жоқ, компания басшылығы вакцинацияны қолға алғанда әріптестерімнің жартысы ғана ниет білдірген. Дегенмен екінші жартысы да қалыс қалған жоқ. Елордада эпидемиологиялық ахуал нашарлағаннан кейін, тиісінше кәсіпорын қызметкерлері вакцинациядан міндетті түрде өтуі керектігі жайлы жаңа қаулы шыққаннан кейін қалған әріптестерім де шет қалмады», - дейді Майда Қожаниязова.
«Digital System Servis» компаниясы қызметкерлерін вакцинация пунктіне арнайы көлікпен жеткізіп, екпе алуына мүмкіндік жасаған.
«Халықпен тікелей жұмыс істемейміз. Бірақ денсаулық әркімнің баға жетпес байлығы. Сол себепті қызметкерлеріміздің екінші бөлігі дәрігерлердің кеңесінен кейін екпе алу туралы шешім қабылдады. Вакцинациядан кейін екі-үш әріптесім ауырып жатыр. Ол кісілердің айтуынша бұл коронавируспен ауырғаннан әлдеқайда жеңіл», - дейді «Digital System Servis» менеджері.
Айта кетейік, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және COVID-19 ауруының өсуіне байланысты Нұр-Сұлтанда соңғы күндері үш аурухана ковидтік стационарға ауыстырылды. Қалада карантиндік қатаң нормаларды енгізбес үшін ұжымдық иммунитет дамуы қажет. Ал ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-дан асуы тиіс. Қазіргі уақытта қалада вакцинаның бірінші компонентін 270 мыңнан астам адам алды.
«Вакцина қазіргі қоғам үшін өте маңызды. Бұл ең алдымен денсаулығына байланысты екпе ала алмайтын жандардың қауіпсіздігі үшін және карантинге дейінгі қалыпты режимге оралу үшін қажет. Вакцина сол сияқты еліміздің экономикалық дамуы үшін де аса маңызды. Мәселен «Digital System Servis» ішкі нарықпен ғана шектелмей, шетелге шығуды көздеп отырмыз. Ал шекарадан емін-еркін өту жаппай иммундау жүріп, пандемияны толықтай жеңгенде ғана мүмкін болады. Ғаламтордағы ғылыми негізі жоқ жалған сөзге емес кәсіби мамандардың кеңесіне жүгінгеніміз жөн», - деп «Digital System Servis» менеджері Майда Қожаниязова ойын аяқтады.