Рига орталығында Нұр-Сұлтан туралы фотокөрме ашылды

Рига орталығында Нұр-Сұлтан туралы фотокөрме ашылды

Қазақстанның Латвиядағы елшілігі Рига Думасымен және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, Рига орталығындағы «Ливов» алаңында Қазақстан астанасы туралы фотокөрме ашты. Іс-шара қала күніне, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Рига мен Нұр-Сұлтан арасындағы байланыстың орнағанына 15 жыл толуына орайластырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Рига тұрғындары мен қонақтарының назарына елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстанның танымал сәулет нысандарының эксклюзивті фотосуреттері ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанатына латвиялық ресми тұлғалар, Сеймнің депутаттары, көрнекті мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлері, іскер топтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қонақтар Қазақстанның астанасы әлемдік саясаттың, экономиканың, ғылымның, мәдениет пен спорттың маңызды орталығына айналғанын атап өтті.

Нұр-Сұлтан Еуразия кеңістігіндегі ең жылдам дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Қазақстан мен Латвия астаналары арасындағы байланыстың орнауы екі ел қарым-қатынастарының дамуына маңызды серпін берді.

Фотокөрме 18 шілдеге дейін жалғасады.