Нұр-Сұлтанда құрылысы ұзаққа созылған тағы бір тұрғын үй кешені аяқталды

Нұр-Сұлтанда құрылысы ұзаққа созылған тағы бір тұрғын үй кешені аяқталды

Елорда күніне орай Нұр-Сұлтанда 21 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Олардың қатарында "Талисман" тұрғын үй кешені де бар. Мереке күндері үлескерлер көптен күткен пәтерінің кілтін алды. Аталмыш тұрғын үй кешенінің құрылысына 2015 жылы 100 отбасы инвестиция салған. Ал оның құрылысы 2019 жылы қайта жанданды.

"Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС-ға бұл нысан тапсырылғанда қаңқасының небәрі 20%-ы ғана тұрғызылған, яғни нысанның қандай да бір блогы тек екінші қабатқа дейін ғана салынған. Ал кей тұстары бірінші қабатқа дейін ғана көтеріліпті.

Құрылыс басталғанға дейін нысанға техникалық тексеру жүргізілді. Сыртқы инженерлік желілер жобасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ғимараттың 7 қабатты қаңқасын тұрғызудан бастап, ішкі әрлеуге, іргелес аумақты абаттандыруға дейін құрылыс-монтаждау ісінің толық циклі бойынша жұмыс жүргізілді. Паркинг салынды.

Айта кетейік, 2019 жылдың жазында елордада проблемалы тұрғын үй саны 150-ден көп болған. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қала әкімдігі құрылысы ұзаққа созылған үйлерді аяқтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2019 жылдың жарты жылында 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы 20 көппәтерлі тұрғын үй аяқталды.

Биыл елордада тағы 57 проблемалы көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Осы арқылы 7 мыңнан астам үлескер көптен күткен пәтеріне ие болады.

Үлескерлер баспанасының құрылысын аяқтау мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында.