
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттеріне арналған Студенттер үйі ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Студенттерге арналған ғимарат университет аумағында орналасқан. Ғимарат 680 орынға есептелген, 5 қабаттан тұрады. Мұнда асхана, душ, демалыс бөлмелері, әр қабатта ас үй мен оқу залдары бар. Бөлмелер жаңа, заманауи техникалармен және жиһаздармен жабдықталған. Сондай-ақ Студенттер үйінде коуоркинг орталығын, жаттығу және спорт залдарын, сол сияқты конференц залын ашу жоспарда бар.
«Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылдың аяғына дейін жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап 75 мыңға жуық жатақхана салуды тапсырған болатын. Осы Үндеу шыға салысымен біздің университет те шет қалған жоқ. Университеттің құрылтайшысы, Қазақстанға белгілі білім және ғылым саласының қайраткері Оралбек Құлажанов Үндеуді қолдап, ұжымды көтеріп, студенттерге арналған жатақхана салуды 2019 жылдың мамыр айында бастаған болатын. Енді, міне, биылғы оқу жылының 1-курс студенттеріне толығымен заманауи техникалармен жабдықталған Студенттер үйінің салтанатты ашылу рәсімін бастайын деп отырмыз», — деді Қазақ технология және бизнес университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов.
Биыл магистранттар, докторанттар мен ғалымдарға арналған жаңа нысан салу жоспарда барын атап өтті.
Айта кетерлігі, аталған университеттің аумағында студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына және дене шынықтыру пәнін өткізуге қажетті жабық спорт кешені бой көтеріп жатыр. Ол осы оқу жылының басында, яғни 1 қыркүйекте пайдануға беріледі.