
Судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда болады. Мұндай орында суға түскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту шарасы қолданылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бөлімінің бастығы Азамат Садықов онлайн-брифингте суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы, рұқсат етілмеген орындарда шомылу ережелерін бұзған жағдайда азаматтар қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.
«Полиция департаменті тыйым салынған орындарда суға шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктер үшін су алу, мал суару, шағын су көліктерінде және басқа да жүзу құралдарында суға түсу кезінде тиісті ережелерді бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 364-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Аталған баптың бірінші бөлігі бойынша жеке тұлғаларға ескерту жасау көзделген. Ал бір жыл ішінде бұл әрекет қайталанса 2 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар бойынша 668 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Азамат Садықов.
Айта кету керек, биылғы шомылу маусымында елорданың су айдындарында 7 адам, оның ішінде 3 жасөспірім қаза тапты. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ратбек Демеубергеннің мәліметі бойынша жазатайым оқиғалар тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда болған.
«Айта кету керек, өткен мереке күндерінің өзінде төрт адам, оның ішінде екі бала қаза болды. Бұл күндері құтқарушылар біраз адамды құтқарып қалды. Елорда тұрғындары мен қонақтары суға түсуі кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауы, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмауы және оларды жалғыз шомылуға жібермеуі тиіс», - деді ол.