
Елордада бірнеше күннен бері ауа райы күрт ысып тұр. Ауа температурасы күндіз +36, +38 градусқа дейін жетті. Елорданың ағаштары мен жасыл желектерін құрғақшылықтан қорғау мақсатында қалалық коммуналдық қызметтер суаруды күшейтілген режимде екі ауысымда жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімдігі қаладағы ағаштар, бұталар, көгалдар мен гүлзарларды суару бойынша топтарды жұмылдырды.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты температура 36 және одан жоғары градусқа дейін жеткен соң көше-жол желісін күшейтілген режимде жуу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, ыстық ауа райында өрт қауіпсіздігі шараларының сақталуына да ерекше көңіл бөлінеді», — деді «Астана-Зеленстрой» ЖШС ресми өкілі Рүстем Нұрсағытов.
Айта кетейік, елорданың төрт ауданының әрқайсысында ондаған арнайы техника екі ауысымда – күндіз-түні суаруға шығады. Түнгі суару үнемі кешкі 7-ден таңғы 5-ке дейін жүргізіледі.
Жасыл желектерден басқа, жолдар, тротуарлар, аулалар мен тұрақтар суарылады.
Бұл жұмыстар ылғалдың аз буланатын, сондай-ақ арнайы техниканың көлік қозғалысына кедергі келтірмейтін уақытына сәйкес жүргізіледі.
Айта кету керек, саябақтарда, гүлзарларда және қаланың басқа да қоғамдық бөліктерінде ағаштар мен жасыл желектерді суару автоматты жүйе арқылы жүзеге асырылады.