
Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов аппарат кеңесін өткізді. Күн тәртібінде коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, көгалдандыру, жол-көлік инфрақұрылымы, энергиямен жабдықтау және т.б. мәселелер қаралды. Әкім қала жолдарында жөндеу жұмыстарының уақытылы және сапалы жүргізілуіне, сондай-ақ тұрғындарға қолайсыздық туғызбас үшін оларды орындау кестесінің сақталуына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Елорда әкімі қала шеттерінің дамуына ерекше назар аударды. – Абаттандыру мәселелерінен басқа, өмір сүру үшін жағдай жасалуы тиіс. Бұл мектептерді, тротуарларды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аялдамалардың санын ұлғайту, – деп әкім елорданың тұрғын алаптарының инфрақұрылымын дамыту туралы айтып өтті. Алтай Көлгінов қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты нысандар жұмысының жүйелі мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау нысандарын, трансформаторлық және электр станцияларын Астана АЭК балансына жедел беру мәселелері қозғалды. Әкім сондай-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты бастауды, отын тапшылығына жол бермеу мақсатында барлық қажетті тексеру шараларын жүргізуді, көмірді үздіксіз жеткізу мәселелерін алдын ала реттеуді тапсырды. Ол ЖЭО-ны газ қабылдауға дайындау, АГРС 1 және АГРС 2 бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу, оттықтарды ауыстыру, сондай-ақ ЖЭО 1 мен ЖЭО 2-ге жеткізуші газ құбырын жүргізу қажеттігін атап өтті.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz/kz/news/news/19782