
Елордада 2021 жылдың 1 қаңтарынан 29 сәуіріне дейін шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жеке, заңды 522 тұлға жалпы сомасы 110 152 995 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Осы кезеңде шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты 52 материал Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. Сот барлығы 36 нысанның қызметін тоқтатты және 6 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салды.
Айта кету керек, бірнеше ескертуге, тиісті шаралар қабылданғанына қарамастан кәсіпкерлік субъектілері шектеу шараларын жүйелі бұзып келеді.
Мәселен, бас санитарлық дәрігердің қаулысында Нұр-Сұлтандағы қоғамдық тамақтану орындарына сағат 22.00-ге дейін жұмыс режимі белгіленген.
Өткен күні Сарыарқа ауданында «Стамбул» кафесі мен «Панаехали» атмосфералық барының екі филиалы қаулыда көрсетілген жұмыс режимін бұзды. Аталмыш екі мекеме түн ортасынан кейін келушілерді қабылдағаны анықталды.
Алматы ауданында жұмыс режимін бұзғаны үшін «Lotomatic» мекемесі жауапкершілікке тартылды.
Жоғарыда көрсетілген талапты Есіл ауданында «Славик, не censored» бары, «MILLIONAIRE», «Grammy» мейрамхана-караокесі сақтамағаны анықталды. Ал «Grammy» мейрамхана-караокесі келушілерге кальян шегу қызметін көрсеткен. Кальянға да тыйым салынғанын айрықша атап өткен жөн.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша бір жарым айдан бері «қызыл» аймақта тұр. Күн сайын қалада КВИ ауруының 600-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауы, дәрігерлер мен эпидемиологтардың ұсыныстарын қолдануы тиіс.
Бүгінгі таңда қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі ұжымдық иммунитетті дамыту болып саналады. Бұл халықты жаппай вакцинациялау жағдайында мүмкін болар жайт.
Елордада бұл үшін барлық жағдай жасалған: БМСК мекемелерінде және елорданың ірі СОО-ларында 100-ден астам егу пункті ашылды, олар сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Вакцинация тегін жүргізіледі.