Елордада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен 1 мамырға арналған онлайн концерт өтеді

Елордада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен 1 мамырға арналған онлайн концерт өтеді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Ынтымақ мекені» мерекелік онлайн-концертін ұсынады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Көрермендер «Хабар» телеарнасынан 1 мамыр күні сағат 12.30-да «Ынтымақ мекені» мерекелік концертін тамашалай алады. «Астана» концерт залының сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

«Қазір өзін-өзі оқшаулау жағдайында жүрген елордалық әртістер шығармашылығын шыңдап, мереке күні тікелей эфирде өз өнерлерін жұртшылыққа ұсынады», — деп хабарлады елордалық Мәдениет басқармасы.

Live-концертте Amre, Әлішер Кәрімов, Алтынай Жорабаева, Құрмаш Махан, Сүндет Байғожин, Ринат Малцагов, Маржан Арапбаева, Гүлнұр Оразымбетова сынды әртістер өнер көрсетеді.

1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл елімізде өтетін көктемнің басты мерекелерінің бірі. Оның құрметіне елордада жыл сайын көптеген мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізіледі. Басты мақсат — Қазақстанда тұрып жатқан этностар мәдениетінің алуан түрлілігін, сондай-ақ азаматтардың бірлігі мен тұтастығын көрсету.

Биыл карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты барлық іс-шаралар онлайн-форматта және санитарлық нормаларды сақтай отырып өтеді.