
Елордада сәуір айының соңына дейін жалпы республикалық экологиялық білім беру апталығы өтеді. Іс-шара оқушылардың табиғи ресурстарға қатысты экологиялық санасын тәрбиелеуге бағытталған, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Экоапта шеңберіндегі іс-шараларға 1-11 сынып оқушылары, педагогтар, оқушылардың ата-аналары қатысады. Олар үшін экологиялық тақырыпта онлайн-конкурстар ұйымдастырылды.
27 сәуір күні 1-2 сынып оқушылары арасында "біздің үйдің жануарлары" үздік сурет байқауы өткізілді. 3-4 сынып оқушылары "мен табиғатты аялаймын" атты әлеуметтік эко-плакаттар, "өлкеміздің табиғатына қамқорлық", "бұл әлем қандай керемет" атты фотоконкурс дайындады.
Бүгін, яғни 28 сәуірде 1-11 сынып оқушылары өңделген қалдық материалдарынан жасалған бұйымдар байқауына, "сары түске лақтыр" акциясына қатысты.
Ертең волонтерлердің басшылығымен мектептерде "Менің қаламның болашағы" жобалар байқауы, "Eco-Qolday-еріктілік: нәтижелер, бастамалар, болашақ жоспарлар" қалалық семинары өтеді.
Экологиялық апта ата-аналардың қатысуымен және жеңімпаздарды марапаттаумен, мектеп пен үйдің аумағын тазалаумен аяқталады.
Айта кету керек, іс-шаралардың бәрі санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізіледі.