Елордада жыл басынан бері нөсер кәріздері желісіне заңсыз қосылудың және ағын суларды ағызудың 106 жағдайы анықталды

Елордада жыл басынан бері нөсер кәріздері желісіне заңсыз қосылудың және ағын суларды ағызудың 106 жағдайы анықталды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ "Elorda Eco System" МКК қызметкерлері 2021 жылдың басынан бастап нөсер кәрізі желісіне шаруашылық-тұрмыстық қалдықтар төгу үшін рұқсатсыз қосылуын анықтау мақсатында жалпы ұзындығы 45 мың метр болатын үш мыңнан астам құдықты тексерді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Elorda Eco System" мамандары Нұр-Сұлтан қаласының Алматы, Байқоңыр, Есіл және Сарыарқа аудандарының көшелерін тексерді. Жыл басынан бері барлығы 3 102 құдық тексерілді, жалпы ұзындығы 45 000 метр нөсер кәрізінің желісіне рұқсат етілмеген қосу мен ағынды суларды төгудің 106 жағдайы анықталып, жойылды. Тәртіп бұзушылардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нұр-Сұлтан қаласының табиғатты қорғау полициясының инспекторлары 17 адамға 1 400 000 теңгеден астам мөлшерде айыппұл салды.

Сондай-ақ, нөсер кәрізі желілерін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік бар екені жайлы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Жауын-шашын суын тазарту қондырғылары тұрмыстық қалдықтарға арналмаған. Осылайша, нөсер кәрізі желісіне заңсыз қосылып, лас суларды ағызу қала экологиясына және қала маңындағы тұрғындарға үлкен зиян келтіреді. Себебі оның бәрі нөсер тазарту құрылыстарынан кейін Сарыбұлақ, Ақбұлақ бұлақтары сияқты жерүсті суларына, одан әрі Есіл өзеніне ағызылады.

Сонымен қатар, шаруашылық-фекальды сұйықтықтар нөсер кәріз желілеріне шамадан тыс жүктеме түсіреді. Артынша жұмысының тұрақсызданып, тез бітелуіне, ал одан әрі жауын-шашынның қала көшелерін басып қалуына әкеледі.