Алтай Көлгінов: Елорданың жүйелі мәселелері жедел шешілуі тиіс

Алтай Көлгінов: Елорданың жүйелі мәселелері жедел шешілуі тиіс

 

Күн тәртібінде коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, көгалдандыру, жол-көлік инфрақұрылымы, энергиямен жабдықтау және т.б. мәселелер қаралды.

Әкім қала жолдарында жөндеу жұмыстарының уақытылы және сапалы жүргізілуіне, сондай-ақ тұрғындарға қолайсыздық туғызбас үшін оларды орындау кестесінің сақталуына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Елорда әкімі қала шеттерінің дамуына ерекше назар аударды.

– Абаттандыру мәселелерінен басқа, өмір сүру үшін жағдай жасалуы тиіс. Бұл мектептерді, тротуарларды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, аялдамалардың санын ұлғайту, – деп әкім елорданың тұрғын алаптарының инфрақұрылымын дамыту туралы айтып өтті.

Алтай Көлгінов қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты нысандар жұмысының жүйелі мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау нысандарын, трансформаторлық және электр станцияларын Астана АЭК балансына жедел беру мәселелері қозғалды.

Әкім сондай-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты бастауды, отын тапшылығына жол бермеу мақсатында барлық қажетті тексеру шараларын жүргізуді, көмірді үздіксіз жеткізу мәселелерін алдын ала реттеуді тапсырды. Ол ЖЭО-ны газ қабылдауға дайындау, АГРС 1 және  АГРС 2 бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу, оттықтарды ауыстыру, сондай-ақ  ЖЭО 1 мен  ЖЭО 2-ге жеткізуші газ құбырын жүргізу қажеттігін атап өтті.