
Нұр-Сұлтан қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында онлайн семинарлар сериясы өтіп жатыр. Іс-шара «Рухани жаңғыру» сананың ашықтығын оқыту семинар-тренингі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Семинарлардың алғашқысы «Саяси мәдениет» тақырыбында өтті. Оның барысында саясаттанушы Индира Рыстина баяндама жасады. ZOOM платформасы арқылы өткен шараға М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU қызметкерлері белсене қатысып, өз ойларын ортаға салды. Іс-шараның басты мақсаты – «Құқықтық мәдениет» атты арнайы жоба аясындағы саяси жүйе құрылымын түсіндіру, саяси сауаттылықты арттыру.
Семинарлар сериясы ары қарай «Тіл және мәдениет» оқыту дәрісімен өрбіді. Бұл басқосуда ғалым Серікзат Дүйсенғазы тіл саласында баяндама жасады. Онлайн жиын барысында жұртшылықтың ой-пікіріне құлақ түріп, туындаған сауалдарына жауап берді.
Бұл семинар ертең, яғни 21 сәуір күні де жалғасын табады. Оған қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы жетекшілік етіп, «Білімнің салтанат құруы» тақырыбында әңгіме өрбітеді.
Онлайн іс-шара жайлы мәліметтерді Instagram желісіндегі ruhani_elorda парақшасы немесе +7702 399 9094 нөміріне хабарласу арқылы біле аласыз. Оған ниет білдірген әрбір азамат қатыса алады.