
Елорда тұрғындарын коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау жүріп жатыр. Жас шектеулері мен медициналық көрсеткіштерін ескергенде 600 мыңнан астам қала тұрғыны вакцинациялауға жатады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Вакцинация қаланың АМСК ұйымдарында алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі (ұйымдардың тізімі қаланың ҚДС сайтында көрсетілген https://uoz.astana.kz/ru/vakcinaciya_dlya_gorozhan/) және «Mega Silk Way» СОО-да жасалады. Демалыс күндері қаланың ірі сауда орталығында сынақ режимінде дозаның бірінші компонентін оның қызметкерлері, яғни бутикті жалға алушылар, сатушылар және орталықтың қызметкерлері алды. Оның барысында 200-ден астам адам қамтылды.
«Таңертеңнен бастап қала тұрғындары вакцинацияға дайын болды. Алдын ала жазылып, шақыруды күтіңіз. Біз жұрттың өз денсаулығына және өзгелерге жауапкершілікпен қарайтынына қуанамыз. Профилактикаға аса мән берілу керек», - деп атап өтті тиіс басқарма.
Сондай-ақ, басқармада АМСК және СОО-да екпені тек елорда тұрғындары ғана емес, өңірлердің тұрғындары да ала алатынын атап өтті. Басқа қаланың тұрғыны елордада екпе алып, 21 күннен кейін өз қаласында/облысында екінші дозасын қабылдай алады.
«Басқарма қоймаларында вакцина қоры жеткілікті. Жаңа партия СК Фармация (Денсаулық сақтау министрлігі) тәртібіне сәйкес апта сайын келіп түседі», - деп хабарлады ведомство.
Естеріңізге сала кетейік, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін ұлғайтылды. Жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды. Вакцинаны алдын ала жазылу бойынша egov мобильдік қосымшасы немесе емханалардың call-орталықтарына қоңырау шалу арқылы алуға болады.
Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы 30 мыңға жуық адам екпе қабылдады.