Нұр-Сұлтанда «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтуде

Нұр-Сұлтанда «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтуде

 

2019 жылдың 19-22 маусымы аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін әскери оркестрлердің VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтеді. Халықаралық деңгейдегі бұл фестиваль Елорда күніне және Қазақстан полициясы күніне арналады, - деп хабарлайды елорда сайты.

Биылғы байқауда Ұлттық ұлан Үлгілі-көрсетілімді оркестрі, Әскери институттың әскери оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының іріктеу сындарынан сүрінбей өткен құрама әскери оркестрлері, Мемлекеттік күзет қызметінің үрмелі оркестрі мен Құрмет қарауыл ротасы (Президенттік оркестр), Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің құрама оркестрі және Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі өнер көрсетеді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскері Федералдық қызметінің Орталық әскери окугі штабының әскери оркестрі (Мәскеу қаласы) мен Монғол Халық Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Үлгілі-көрсетілімді оркестрінің шығармашылық ұжымдары да фестиваль көркін қыздырмақ. 

Қазақстан, Ресей, Монғолия елдерінің әскери оркестрлері бірнеше күн бойы бас қаламыздың мәдени алаңдарында қала халқы мен жұртшылығының назарына өздерінің музыкалық шеберліктерін паш ететін болады.

Маусымның 20 күні сағат 17.00-де «Астаналық орталық саябақ» амфитеатрында «Әскери керней» фестивалі аясындағы концерт өтеді.

Маусымның 21 күні сағат 10.00-де Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында «Әскери керней» фестивалі ақтық сынының ашылу салтанаты өтеді. Бағдарламада – «Саптық концерт және дефиле».

Маусымның 21 күні сағат 19.00-де «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда, «Астана» концерт залында әскери оркестрлер елорда тұрғындарына концерттер ұсынады.

Маусымның 22 күні сағат 17.00-де Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» фестивалінің Саптық концерті өтеді.

Салтанатты сәтте үздік оркестр ұжымдарына бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жүрген фестиваль жылсайынғы айтулы мәдени оқиғаға айналды әрі ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілетін танымдық көрсетілімдері елорда халқы мен қонақтары үшін бірден-бір есте қаларлықтай дәстүрлі-жарқын көрсетілім болмақ.