
Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда COVID-19 жұқтырған 489 пациент емделіп жатыр, олардың жүктемесі 64%-ды құрайды. Бұл туралы брифингте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикер елордада реанимация бөлімінде ем қабылдап жатқан науқастар саны артқанын мәлім етті. Қазіргі уақытта 55 адам жансақтау бөлімінде жатыр.
«COVID-19 инфекциясын жұқтырған пациенттер саны наурыз айындағы мейрамдардан кейін күрт артқаны байқалып отыр. Бұл санитарлық нормаларды сақтамай, жұрттың жаппай жиналатын орындарға баруы және карантин режимін сақтамауы себепті болып отыр. Елордалық дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің бәрі екі есе жүктемемен жұмыс істеп жүр. Бүгінгі таңда инфекциямен күреске 3 700-ден астам медицина қызметкері тартылды. Қажет болған жағдайда жұмылдырылатын қосымша кадрлық резерв бар», - деп мәлім етті Тимур Мұратов.
Бүгінгі таңда елордада 11 аурухана, оның ішінде 10 инфекциялық, бір карантиндік (Рамада Плаза қонақ үйі), үш медициналық ұйым базасында қосымша 300 инфекциялық төсек-орын орналастырылып жатыр.
«КВИ-мен күресу үшін аталған стационарлар басқа аурулармен ауыратын науқастарды бұрынғыдай жоспарлы да, шұғыл да тәртіппен емдей алатын болады», - деп атап өтті қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Соңында ол қала тұрғындарын санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтауға шақырды.