Нұр-Сұлтанда қар күреу жұмысына екі мыңға жуық жол жұмысшы жұмылдырылды

Нұр-Сұлтанда қар күреу жұмысына екі мыңға жуық жол жұмысшы жұмылдырылды

Елордада қар аралас жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласуы мүмкін. Ал коммуналдық қызметтер үздіксіз екі ауысымды режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін, яғни 25 наурызда қалада қар күреу жұмысына екі мыңға жуық жол жұмысшы және 1 500-ге жуық мамандандырылған техника жұмылдырылды.

Бірінші кезекте, ереже бойынша жолдарда кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды учаскелер тазартылады. Одан әрі орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар және т.б. аумақтардың қары күреледі.

Өткен тәулікте коммуналдық қызметтердің күшімен полигондарға 111,5 мың текше метр қар шығарылды.

24 наурыздан 25-іне қараған түні қала жолдарын, көшелерін, тротуарлары мен алаңдарының қарын күреуге 200-ден астам жұмысшы мен 1 200-ден астам арнайы техника шықты. Сонымен қатар, 54 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Айта кету керек, алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде, соның ішінде елордада ауа райы тұрақсыз болады деп күтіліп отыр. Ел аумағында екі циклон бірігеді, олардың келуімен барлық өңірлерде жауын-шашын, кей жерлерде көктайғақ, бұрқасын болу мүмкін.