
Коронавирустық пандемияға байланысты шектеу шараларының бұзылуын анықтау жөніндегі мобильді топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жүр. 18 наурыздан 19-ына қараған түні олар қаланың түрлі аудандарында бас санитарлық дәрігердің қаулысын елемей, карантинді бұзған бірнеше мекемені анықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сарыарқа ауданында орналасқан «Key Tawn» кафесі белгіленген жұмыс режимін бұза отырып, сағат 22.00-ден кейін жұмыс істеді. Сонымен қатар, мекеме қызметкерлері жұмыс барысында маска режимін сақтаған жоқ.
Байқоңыр ауданында карантиндік шектеулерді бұзған 4 кәсіпкерлік субъекті анықталды. «Пошашлычим» гриль-бары белгіленбеген уақытта жұмыс істеді. Ал «Respawn» ойын клубы тыйым салынғанына қарамастан жұмысын жалғастырды. Заң бұзушылардың қатарында «Fakir» кафесі мен «Мята» лаундж-бары да болды.
Алматы ауданында «Шоколад» караоке клубы жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан жұмысын жалғастырды. Ал «Панаехали» бары келушілерге сағат 22.00-ден кейін де қызмет көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қаңтардан бастап бүгінге дейін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 80 000 000 теңгеге 350 жеке, заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Шектеу және карантин шараларын бұзғаны және нұсқаманы орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған 47 кәсіпкерлік субъектіге қатысты Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 52 материал жіберілді.