
Нұр-Сұлтанда діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралуының алдын алу үшін тұрғындар арасында кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шаралардың негізгі міндеті дін саласындағы мемлекеттік саясатты және қазақстандық қоғамның зайырлылық қағидаттары, дәстүрлі құндылықтары туралы ақпаратты түсіндіру және дәстүрлі емес деструктивті діни ағымдар қызметінің қауіптілігі туралы хабардар ету болып саналады.
Осылайша, жыл басынан бері 40-тан астам ұйымда 60-тан аса осындай кездесу өткізілді. Айта кету керек, барлық кездесулер санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтай отырып өткізіледі.
Сондай-ақ, Діндерді зерттеу орталығының "elorda_din" атты Instagram парақшасында дін тақырыбында тікелей эфирлер мен онлайн дәрістер өткізіледі, онда әрбір қатысушы тікелей қосылу форматында қызықтырған сұрақтарына жауап ала алады. 2021 жылы 20 онлайн дәріс өткізілді.
Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде діни экстремизм идеяларының таралуының алдын алу мақсатында жоғары білікті мамандардан тұратын ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қазақстандық қоғамның зайырлылығын, дәстүрлі құндылықтарын насихаттауды жүргізеді.
Естеріңізге сала кетейік, орталықтандырылған 109 нөмірі арқылы елорда тұрғындары дін саласындағы өз мәселелері мен ұсыныстарын айтып, діни бірлестіктер, діни ғимараттар мен діни мерекелер туралы ақпарат ала алады. Қажеттілігіне қарай теологтардың, дінтанушылардың және психологтардың жоғары білікті мамандарынан көмек және кеңес алуға болады.
Сонымен қатар, 109 сенім телефоны арқылы дін саласындағы бұзушылық фактілері және басқа да мәселелер бойынша хабарласуға болады.