ҰБТ-ға дайындық: сабақтан тыс уақытта 15 баладан аспайтын топтарда оқыту ұйымдастырылды

ҰБТ-ға дайындық: сабақтан тыс уақытта 15 баладан аспайтын топтарда оқыту ұйымдастырылды

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы, тоқсан бойынша жиынтық бағалау жұмыстары жайлы түсіндіріп өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Мен көптеген ата-аналарды бітіруші сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға, ҰБТ-ға дайындау мәселесі толғандыратынын білемін. Осыған байланысты мектептерде сабақтан тыс уақытта 15 баладан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқыту ұйымдастырылған», - деді Білім басқармасының өкілі.

Сонымен қатар, білім алушылардың білімін толықтыру және олқылықтарды жою бойынша ЖОО мен колледждермен ынтымақтастық туралы кешенді жоспар әзірленді. Сөзін жалғай отырып, ЖОО-лар (ЕҰУ, ҚазАТУ) базасында онлайн-платформа жұмыс істейтінін, онда оқушылар математика, химия, физика пәндері бойынша қосымша сабақтар ала алатынын жеткізді.

«Бөлім бойынша жиынтық бағалау және Тоқсан бойынша жиынтық бағалау өткізуге толығырақ тоқтала кетейін. 2-11-сыныптарда бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс (БЖБ), пәндер бойынша тоқсан үшін (ТЖБ) 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі, ал 1-сыныптарда бағалау жүргізілмейді. БЖБ 2-11-сыныптарда 2021 жылғы 1-13 наурыз аралығында, ТЖБ 2-11-сыныптарда - 2021 жылғы 15 наурыздан бастап өткізу ұсынылады», - дейді Римма Иманғазинова.

БЖБ-ны өткізу мерзімін педагог дербес айқындайды және қажет болған жағдайда екі кезеңде жүргізілуі мүмкін. «Өзін-өзі тану», «Көркем еңбек», «Музыка», «Дене шынықтыру», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Қоғам және дін»; «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» оқу пәндері бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді және жартыжылдық және оқу жылының соңында «сынақ» («сынақтан өтпейді») қойылады», - деп сөзін жалғады.

Карантиндік шаралардың қатаңдауына байланысты жалпы білім беретін мектептерде орналасқан қосымша білім беру ұйымдары филиалдарының жұмысы онлайн-режимде жүргізіледі, филиалдар жеке орналасқан орын-жайларда жұмысын жалғастыруда.