Нұр-Сұлтан театрлары педагогтарға, дәрігерлерге және тәртіп сақшыларына арнап қойылымдар қойды

Нұр-Сұлтан театрлары педагогтарға, дәрігерлерге және тәртіп сақшыларына арнап қойылымдар қойды

Елордалық театрлар Алғыс айту күніне орай білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау және этносаралық келісім саласының қызметкерлері үшін қойылымдар қойды. Бір күн бұрын медицина қызметкерлері үшін Петр Чайковскийдің әйгілі «Евгений Онегин» операсы ұйымдастырылды. Қайырымдылық акциясын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен және «Астана Опера» театрымен бірлесіп ұйымдастырды.

«Өткен жыл бәріміз үшін қиын жыл болды. Осы уақыт ішінде ешқайда шықпадық, ешкіммен араласпадық. Мойнымызға тек жұмыс қана жүктелді. Театрға келіп, қойылым тамашалау өте ұнады. Көптен бері аңсап жүрген эмоцияларға бөлендік. Рухани азық алып, демалып қалдық», - деді дәрігер Зинат Құдайбергенова.

«Жұмыстан кейін барлық қиындықты бір сәтке естен шығарып, демалып қалдық. Осындай керемет қойылым ұйымдастырғаны үшін алғысым шексіз», - деп атап өтті дәрігер Лола Үйтқыбаева.
Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық саланың қызметкерлері үшін «Nomad City Hall» сахнасында О.Бөкейдің «Ауыл хикаялары» премьералық спектаклі, тәртіп сақшыларына арнап «Жастар театры» ұжымы Б.Соқпақбаевтың «Көзіме бір көріңсең бала ғашық» сахналық повесін ұсынды. Білім беру саласының қызметкерлері үшін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Тыңда...» қойылымы ұйымдастырылды.

Осылайша, театр әртістері коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүргендердің бәріне алғыстарын білдірді. Аталған іс-шаралар санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өтті.

Фото: Александр Куприенко