Акциялар, челлендждер және байқаулар: елордада Алғыс айту күні қалай атап өтіледі

Акциялар, челлендждер және байқаулар: елордада Алғыс айту күні қалай атап өтіледі

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы Алғыс айту күніне орай донор күнін, видеоэстафета, флешмоб және көптеген мерекелік іс-шараларды өткізеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Өткен демалыс күндері елорданың Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының, жастар ұйымдарының, ҚХА қоғамдық құрылымдарының қатысуымен «Қан тапсыр — өмірді сақта» қайырымдылық акциясы өтті.

Ал «Туған елге мың алғыс!» видеоэстафета челленджі 22 ақпанда бастау алды. Оның мақсаты – достық, бірлік, мейірімділік мерекесі ретінде Алғыс айту күнін, жалпыұлттық құндылықтар мен Тәуелсіздік маңызын қоғамдық санада орнықтыру.
Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, «Жаңғыру жолы» жастар қанатының өкілдері қатысуда. Челлендж 5 наурызға дейін жалғасады.

Бүгін, яғни 26 ақпан күні Достық үйінде Алғыс айту күнін мерекелеудің ресми бөлігі өтті. Іс-шара аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің, "Жас Сарбаз" Жастар патриоттық қозғалысының қолдауымен әлемнің 4 дүркін рекордшысы, Гиннесстің рекордтар кітабына енген, Қазақстанның 6 дүркін рекордсмені Сергей Цырульников флешмоб ұйымдастырды.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, ҚР Парламенті депутаттарының, дипломатиялық өкілдіктердің, ҚХА мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Алғыс айту күніне орай қаланың этномәдени бірлестіктері көрме-жәрмеңке мен концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Сонымен қатар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарының қатысуымен тікелей эфир өткізілді.

Ертең, яғни 27 ақпанда елорданың ЭКО өкілдері "Алғыс марафоны" жобасы аясында "Қазақстан – берекелі шаңырақ" акциясын өткізеді. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік таратады.

28 ақпанда "Жүректі жылытар мейірімділік" акциясы барысында қалалық этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының өкілдері қарттардың аулаларын тазарту бойынша дәстүрлі сенбілік өткізеді.

1 наурызда елордалық ҚХА мүшелері "Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қояды.

Алғыс айту күнін мерекелеу аясындағы қайырымдылық акциялары 5 наурызға дейін өткізілетін болады.