
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында онлайн форматта қала тұрғындарын қабылдағанын мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Бүгін дәстүрлі жеке қабылдауымда 10-нан астам тұрғын болды. Онлайн-қабылдауларды апта сайын өткізіп келеміз. Бұл бізге кері байланысты айтарлықтай күшейтуге және қала тұрғындарының мәселесіне уақтылы жауап беруге мүмкіндік береді.
Тұрғындар медициналық көмек алу, білім алу, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу және т.б. мәселелерді көтереді.
Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттырудың басты шарттарының бірі - халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Былтыр Қазақстандық тұрғын үй компаниясымен (ҚИК) бірлесе іске қосылған бағдарламаны қалалықтар жағымды қабылдағаны қуантады. Осы бағдарлама бойынша санаттар тізімін кеңейттік: медицина және білім беру саласының қызметкерлерінен басқа әлеуметтік қызметкерлер, ТЖД, ПД, мәдениет және спорт қызметкерлері де кірді.
Сонымен қатар, биыл қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтамыз. Сондай-ақ, тұрғын үй сертификаттарының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Ал жастарға келетін болсақ, елордада Елбасы ұсынған "жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасын жалғастырамыз. Қабылдау кезінде түскен сұрақтар бақылауға алынды», - деп жазды елорда әкімі.